
Жүрегі таза, жаны жайсаң, әдемі де, өнерлі қыздарымыздың бірі Айгүл Иманбаева. Оны халық жақсы таниды. Әсем де, түрлі образдарымен де халықтың қалаулысына айналған Айгүлдің алар асуы әлі алда. Оған әртістің төмендегі берген сұхбаты куә.
- Жаңа жыл басталғалы бері шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?
- Жаңа әндер жазып жатырмын. Назира Бердалының сөзіне, Ринат Аубакировтың әніне жазылған “Мен сенің бақытыңмын” деген әнге бейнеклип түсіргелі жатырмын. Алла бұйыртса, бір-екі күннің ішінде әнім дайын болады. Одан кейін бейнеклип қамына кірісеміз. Тағы бір жаңалығым, сәуір айының басында “Таңғы елес” атты алғашқы үн таспам шығады. Оның ішінде әндер жинағым ғана емес, клиптер жинағы және жеке концертім де бар.
- Жалпы, ән таңдауда, киім киюде кімнің көмегіне жүгінесіз?
- Продюсерім Баян Есентаевамен ақылдасамын. Ерлан Жолдасбеков, Аида Қалменова есімді стилистерім, Мария Ремер, Кенжебек Каденов есімді визажистерім бар. Олардың да көмегі орасан.
- Гастрольдік сапарға көп шығасыз. Осы орайда анаңыз тәрбиелеп жатқан балаңыз жайлы айтып кетсеңіз...
- Ұлым жетпіс пайыз десем де болады, анамның тәрбиесінде. Әжесінің тәрбиесін алған бала да жаман болмайды деп ойлаймын. “Уақыт бөлмеймін, күндіз-түні даладамын” деп айтпаймын. Күндіз жұмыста болғаныммен, түнде үйдемін. Бала тәрбиесіне де уақыт бөлемін. Жұмыстан ерте келген күндері сабағын қадағалап, демалыстарымның барлығын балама арнаймын.
- Ұлыңыз Асылжан онға толып қалды. Сіздің өнеріңізге өзінің ой-пікірлерін айтып отыратын шығар?
- Әрине айтады. Киіміме, әндеріме қатысты, ойнаған спектакльдерімді “ мама, мына жерде былай болыпты” деп, өз пікірін айтып отырады. Оның айтқан ойымен мен де санасып отырамын.
- Алда мереке келе жатыр, кімнен сыйлық күтесіз?
- Үлкен сыйлықты, әрине халықтан күтемін. Сүйгенімнен күтемін. Басқа... болды...
- Халыққа “өнегелі келін” болып танылған Айгүл қашан келін атанады екен?
- Алланың бұйырған күні. Ол күнде алыс емес шығар.
- Шетел жұлдыздары өздерінің басынан өткен мұңдары мен қуаныштарын тыңдармандарымен бөлісіп отырады. Ал сіз ше, бөлісер ме едіңіз?
- Мен негізі көп ішіндегі жалғыз жанмын. Өзімдегі ішкі сырды сыртқа шаша бермеймін. Сырттағы менің келбетім бөлек те, ал ішімде болып жататын жағдай бөлек. Оны кез-келген адамға та бере алмайсың. Әр адамның ойы, ойлау деңгейі әр түрлі. Айтқаныңды іліп әкетіп, ертең оны басқа адамға басқаша айтып жүретіндер де жоқ емес. Сондай нәрседен қорқамын. Саусақпен санарлықтай екі-үш адаммен ғана сырласамын. Онда да жақын адамыммен ғана. Ал жалпы ортада, мен ешкіммен сыр бөліспейтін адаммын.
- Көптеген әншілер “туған-туыс, бауырларымның бәрін сүйреп келемін” деп жатады. Ал сіз...
- Менде де дәл сол әңгіме, сол ән. Қаражатымыз асып-тасып жатпаса да, жақындарымыздың барлығына көмектескіміз келіп тұрады. Мен өте тынымсыз адаммын. Телевидение саласы болсын, театр, кино саласы, эстрада болсын, бәрін бірге алып келе жатырмын. Қазір енді бизнеске қарай бағыт алған бетім бар. Бизнес болғанда шоу-бизнес. Бірақ, ол жайында әзір ашып ештеңе де айта алмаймын.
- “ Айгүл театрда сомдаған образдан көпке дейін арыла алмай жүреді” дегенді жиі естиміз...
- Ол жалғыз менің басымда ғана емес, барлық әртістердің басында болатын құбылыс. Спектакльден кейін бірден өз-өзіңе келу, жиналу деген оңай емес. Екі сағат бойы біреудің жанына кіріп, біреудің ойын сезініп, спектакль біткеннен кейін қайта бұрынғы Айгүл бола салу қиын. Қайта өзіңе келу үшін, кемінде қырық минут, бір сағат уақыт кетеді.
- Театрда сомдап жүрген рөлдеріңіздің ішінде жаныңызға жақын келетін рөл бар ма?
- “Пай-пай, жас жұбайлар-ай” деген спектакльдегі Ғазизаның образы менің жаныма өте жақын. Ғазиза түбі тесік шелек секілді өзі сондай аңқылдақ, сенгіш, ақкөңіл, ашық келіншек. Оның сенгіштігі, ғашықтығы менің табиғатыммен сәйкес. Сол ақкөңіл, аңқылдақ, сенгіш мінезімнен өзім қатты күйгенмін...
- Сенгішпін деп қалдыңыз...
- Өмірдің өзі бір орнында тұрмайды. Адам да солай. Жас өсе келе өмірдің ағымына қарай көп нәрсеге төселеді, суынады, қатаяды. Менікі де сондай құбылыс болу керек. Осыдан бес-алты жыл бұрынғы Айгүл емеспін. Дегенмен, судан бір шықсам, жағалауыма екі рет қараймын. Бет-алды сене бермеймін. Оның үстіне, психолог болдық қой. Қазір әр адамның қимылынан, көзінен, үнінен түйін түйетін болдым.
- Екі-үш рет киноға түстіңіз. Тағы да түсу ойыңызда жоқ па?
- Коммерциялық кино дейміз ғой, сондай бір “Ход королевы” деген орысша киноға түскелі жатырмын. Онда басты рөлдегі қызды сомдаймын. Бұл кинодағы рөлім мына “Ұят болмасындағы” келіннің рөліне 180 градусқа қарама-қайшы. Кинода, қыздың кішкентай кезінде, бизнесмен әкесін өлтіріп кетеді де, ол өскен соң әкесін өлтіргендерден кегін алады. Негізі идеясы жақсы, өте қызықты кино.
- Әрі әншісіз, әрі театр, кино саласында да өнер көрсетесіз. Жүргізушілігіңіз тағы бар. Барлығын бірдей алып жүру қиын емес пе?
- Өз ісіңді жақсы көрсең, қиын емес. Менің өзім ләззаттанып, рахаттанып істеймін жұмысымды. Кеш батса, таңның атқанын күтемін. “Ертең не істеймін? Қайда барамын?” деп ертеңгі күнімді жоспарлап қоямын. Содан шығар үлгеретінім. Тек, Алла қуат берсін. Деніміз сау болып, еліміз тыныш болса барлығына үлгеруге болады екен.
- Соңғы кездері жарнамалардан көрініп жүрсіз...
- Жарнамаға көп түскен емеспін. “Фудмастерді жарнамалап бір рет түскенім бар. Косметиканы, сусабындарды жарнамалауға ұсыныстар болды. Бірақ, оған менің дәл сол кезде жұмыс уақытым сәйкес келмеді. Егер жақсы ұсыныстар болып жатса, жарнамаға неге түспеске?
- Жаңа бір сөзіңізде “ертеңгі күнімді жоспарлаймын дедіңіз. Күн тәртібімен жүресіз бе?
- Иә. Кешке үйге келгенде, ертеңгі күнімді сағатына дейін бір жазып қоямын. Егер не істейтінімді күн тәртібіне дазып қоймасам, жүгенсіз, сызықтан шығып кеткендей боламын. - Күн тәртібін жазатын адам күнделік те жазатын шығар. Әлде, уақыт жоқ па?- Күнделік жазамын. Күнделік менің ең жақын сырласым. Ешкімге айтпайтын сырларымды сонда тізіп отырамын. Күнделікті мен төртінші кластан бастап жазамын. Бала кезімде өлең де жазатынмын. Балалық па, әлде ұяңдық па білмеймін, кезінде анамнан ұялып, талайын жыртып тастағанмын. Кейін жазбай кеттім. Мүмкін, әртістік-шеберлік жағы басым түскен болар. Негізі журналистика факультетін оқығанмын ғой. Содан болар, ойымды қағаз бетіне түсіргенді жақсы көремін. Мақала жазғым келеді. Бірақ, халықтан ұялып жүрмін.
- Әдеби кітаптар оқитын шығарсыз...
- Күнделікті ақпаратты жібермеймін. Ал кітап оқуға уақыт бола бермейді. Көбіне гастрольдік сапарға шыққан кезде оқимын. Пойыздың ішінде жатып алып оқысаң, ой, рахат! Әзілхан Нұршайықовтың “Мәңгілік махаббат жыры” атты жаңа кітабын оқыдым. Кітапты оқып бітіргенше көзімнің жасын сүртетін бір бет орамал жетпеді. Әзілхан аға әңгімені суреттеп жазатын керемет жазушы ғой.
- Сіз үшін сахнада ән айтып, халықтың көңілінен шығатын әнші болу қиын ба, әлде, өмірде инабатты келін, ибалы әйел, қадірлі ана болу қиын ба?
- Қиын сұрақ екен. Мен үшін өмірде ана болу, жар болу, әйел болу қиындау секілді. Білмеймін енді, менің басымнан ондай жағдай түбегейлі өткен де емес қой. Бір сәтте болды, оның өзі өтті де кетті. Сондықтан болар, өмір мен үшін ну орман, адасып кететіндей қорқып тұрамын. “Қалай болады екен, не болады екен?” деп көп ойланамын. Әлде жасың өскен сайын бәрін ақылға салып, көп ойланатын боласың ба, білмеймін. Әнші болу оған қарағанда жеңілдеу секілді. Егер бойыңда Алла берген талант болса, оны ұштағанның несі қиын? Уақыт өте келе сахна өзі-ақ тәрбиелеп алады. Ал әйел болу, жар болу, ана болу ол өмірдегі үлкен мектеп.
- Әр жақтан әр түрлі сын сөздер, өсек-аяң айтылып жатады. Көңіл болесіз бе?
- Мен тауға көп барамын. Табиғатпен көп сырласамын. Күшім бітіп, әлсірей бастағанда табиғатқа жүгінемін. Күшім бітті-ау дегеннің өзінде, өз ішімнен өзім тағы бір күш табамын. Тауға қарасаңыз биік қой. Шыңы да биік, еңсесі де биік, өзі де биік. Өзімді сол тауға теңестіремін. Қарап тұрсаңыз, таудың етегінде майда-майда тастар, ағаштар бар. Мен де солай бәрінен өзімді биік қоямын. Ешкімнің сөзіне, өсегіне көңіл бөлмеуге, басымды ауыртпауға тырысамын. Әркім әрқалай айта береді. Өмір сүру жеңіл. Егер өсекке, сыбысқа қарай берсең, өмір сүруге болмайды.
- Алда аналар мерекесі келе жатыр. Анаңыз жайлы да айта кетсеңіз...
- Құдай қаласа, осы наурыз айында анам алпыс жасқа толады. Кеше Карина Абдуллинаның бір сұхбатын тыңдадым. Онда Каринаның: “Менің бақытты болуыма бір-ақ нәрсе жетпейді. Ол анамның өмірден ерте өткені” деген сөзін естіп, жылап жібере жаздадым. Жаныңда анаңның болмауы қандай қорқынышты. Құдай содан сақтасын! Менің дәл қазіргі барым да, байлығым да, базарым да - анам. Сол кісінің қолдауымен, қанаттандыруымен осылай ұшып шарықтап жүрміз ғой. Дүниедегі ең асыл, ең қымбат не десе, мен анамды айтар едім.
- Еліміздің аналарына тілегіңіз...
- Іштегі жақсы сөзің сыртқа шықса, қадірі кетеді дейді ғой. Аналарға, жалпы адамдарға тілейтінім, амандық! Жер бетінде соғыс болмаса екен! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Патшамызға Алла сабыр берсін! Өсіп келе жатқан ұрпағы, елі қуанта берсе анаға одан асқан бақыт жоқ қой. Еліміздің аналары аман болсын!
-Әңгімеңізге рахмет! Өнеріңіз өрлей берсін!
Сұхбаттасқан Г.ҚОЙЛЫБАЙ.
Комментариев нет:
Отправить комментарий