3/07/2008

БОКСШЫЛАР «ДӘРІДЕН КҮШ АЛАДЫ» ДЕГЕН БОС СӨЗ


Оңтүстік Қазақстан облысының атынан Олимпиадаға баратын боксшы екеу болса, соның бірі - Еркебұлан Шынәлиев. Америка төрінде атой салған жігітіміз қазір Бейжіңде өтетін Олимпиадаға дайындалып жүр. Жақында әріптестерімен бірге Ресейде дайындық өткізіп қайтқан болатын. Біз ел сенімін арқалаған бауырымызды әңгімеге тартқан едік.
– Әңгімені жанкүйер қауымға танылған сәтіңнен бастасақ. Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет ірі жарысқа қатыстың да, көзге түстің. Оған дейін мықтылығыңды дәлелдеуге қандай кедергілер болды?
– Әуелі жастар құрамасынан ересектер қатарына өтуіме жасымның жетпеуі кедергі болды. Әрине, жастар құрамасында жүргенде жаман болған жоқпын. Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы болдым. 2006 жылы Африкада өткен Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атандым. Одан да басқа шетелдерде өткен жарыстардан құрқол қайтқан кездерім аз болды. Ал Чикаго қаласындағы Әлем чемпионаты басталар кезде менің Қазақстан құрамасының сапында жүргеніме 4-5 ай болған еді. Бірден бапкердің көзіне түсіп, жарысқа қатысуға мүмкіндік алдым. Спортта биікке шығу оңай емес. Бір-бірін көреалмаушылық деген сияқты жайттар да кездесіп жатады. Бастысы, ондай қиындықтарға мойымау керек деп ойлаймын. Сонда еңбегіңнің жемісін де көресің.
– Құрамаға алынғаныңда 81 келіде Ердос Жаңабергенов өнер көрсетуші еді. Кейін оны жаңа салмаққа өтіпті деп естідік...
– Менің алдымда 81 келі салмақта өнер көрсеткен Ердос Жаңабергеновтің 2005 жылы Қытайда өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанғанын білесіздер. Ол кейін дайындық кезінде белінен ауыр жарақат алып, жат-тығу жасай алмай жүрді. Оның үстіне, салмағы да өсіп кетті. Сондықтан бұл салмақта Дамир Буданбеков Америкаға мені алып кетті.
Негізі Біржан Жақыпов жеңімпаз болып қайтқан Тайландтағы жарысқа Ердос та баруы керек еді. 91 келі салмаққа өтіп, дайындалып жүрген. Жаттығу кезінде беліндегі жарақаты сыр беріп, Германияға ота жасатуға кетті.
– Астанада өтетін лицензиялық жарысқа қатыса ала ма?
– 91 келі салмақта өнер көрсететін боксшы Астанаға бармайды. Президент кубогына 51, 54, 57, 60 және 91 келіден жоғары салмақтағы боксшылар қатыспақ. Яғни, бапкер бес жігітке сенім артып отыр.
– Бокста биіктен көріну қаншалықты қиын болса, шыққан биігіңді ұстап қалу одан да қиын. Сенім артқан елдің үмітін ақтау жолындағы дайындығың қалай?
– Қазір қызу дайындық үстіндемін. Таңертең және кешке екі сағаттан жаттығып жүрмін. Басқа мәселеге қатысты жұмыстармен бапкер, демеушілер айналысар. Менің басты міндетім, бабымды жоғалтып алмау. Сондықтан жаттығудан бас алмаймын. Себебі, Олимпиадаға жолдама алғаннан кейін, халық бізге үміт артып отыр. Көпшіліктің үмітін ақтауым керек.
– Көбінесе боксшылар төрешілер тарапына сын айтып жатады. Ал лайықты өнер көрсетуге ауа райының кері әсер еткен жағдайы болған ба?
– Иә, ондай жағдай менің басымнан өткен. Африкада өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысатын кезімде өзімді жайсыз сезіне бастадым. Ауа райы жақпады ма, әлде, басқа да себептер болды ма, ауырып қалдым. Негізі бізді жарыс өтетін елге табиғатына үйренуіміз үшін он күн бұрын алып барады. Сол он күннің үшеуінде ауырып жүрдім де, бір аптада қайта бабыма келдім. Ал одан кейін қанша жарысқа барсам да, ондай жағдай қайталанған емес.
– Боксшыларға бір дәрі береді екен. Оны не үшін пайдаланасыңдар?
– Төзімділігіңді арттыру үшін түрлі дәрумендер беріледі. Боксшы бір жаттығуда 2-3 келі салмақты термен шығаратын болса, соның орнын толтыратын дәрі беріледі. Яғни, ол ағзаны қайта қалпына келтіретін дәрумен. Ал “боксшылар дәріден күш алады екен” деген бос сөз. Ол дәріні ішкенге күшті болып кетпейсің. Барлығы өзіңе, жаттығуыңның деңгейіне байланысты.
– Жеңіске жету үшін түрлі қулыққа баратындар бар. Жарыс иелері өздерінің спортшысын жеңімпаз ету үшін қарсыласына басқа дәрі беріп жібермей ме?
– Құдай сақтасын, ондай жағдай болған емес. Біз пайдаланатын заттардың бәрі тексеруден өтеді ғой.
– Азияда бокс үлкен қарқынмен дамып келеді. Сары құрлықта Қазақстан боксшыларының жолын қай елдің спортшылары жиі кеседі?
– Қытайда бокс соңғы жылдары қатты дамып кетті. Бұл елдің үш-төрт салмақта алдына жан салмай келе жатқан мықты боксшылары бар. 48 келі салмақтағы Зу Шоминь деген жігіт екі дүркін Әлем чемпионы атанды. 57 келі салмақтағы спортшы да сүрінбей жүр. 69 келіде өнер көрсететін Қанат Исламов деген қазақ жігіті де Қытайдың абыройын асқақтатып келеді. Қытайдан бөлек, Өзбекстанның боксшылары да оңай шағылар жаңғақ емес. Қазіргі күні бокс Еуропада да жақсы дамуда. Ағылшындар мен италиялық спортшылардан мықтылар шығып жатыр. Қысқасын айтқанда, қарсыласты бағаламауға болмайды. Кез келген боксшының өз әдіс-айласы бар. Сондықтан қандай қарсылас болсын, еркінсуге болмайды.
– Көптеген елдерде жаттығуларда жүріп, олардың жағдайынан хабардар болған шығарсың. Қазақстанда боксшыларға лайықты қолдау көрсетіліп отыр деп ойлайсың ба?
– Жақында ғана Ресейде дайындық жасап қайттық. Әрине, олардың жағдайы бізден әлдеқайда жоғары. Боксшылардың барлық жағдайы жасалған және жастарына үлкен көңіл бөледі. Ал Қазақстанға келсек, Олимпиадаға жолдама алғанға дейін менің жағдайым нашарлау еді. Әлем чемпионатында өзімді көрсеткеннен кейін, барлық жағынан көмек көрсетіле бастады. Сол сияқты жастарға да қолдау көрсетілсе, нәтиже бұдан да жоғары болары анық.
– Басқа елді айтпай-ақ қояйық, Қазақстанның өзінде басқа облыстың мамандары мықты боксшыларды өздеріне шақырып жатады. Саған ұсыныс айтқандар болды ма?
– Астана мен Алматыға шақырды. Бірақ, ешқайсысын қабыл алған жоқпын. Себебі, мені Мырзағали Айтжанов есімді бапкерім бала кезімнен жаттықтырып келеді. Осындай жетістікке жетуіме ол кісінің сіңірген еңбегі зор. Жерлестерім сенім артып отыр дегендей... Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысынан кете алмаймын.
– Олар шақырғанда не айтады? Барлық жағдайыңды жасауға уәде бере ме, әлде, басқа да ұсыныстары бар ма?
– Африкада өткен Әлем чемпионатында 11 боксшының ішінен үшеуміз финалға жолдама алдық. Өкінішке орай, үшеуміз де екінші орын алдық. Соған қарамастан Тараз бен Павлодар қаласында тұратын екі спортшыға облысынан пәтер берілді. Басқа да сыйлықтар жасап жатыр. Ал біздің облыста менің қол жеткен жетістігім көзге де ілінбеді. Пәтер бермеді демей-ақ қояйын, “облыстың атын шығардың ғой” деп, құрмет көрсеткен де жоқ. Ал Әлем чемпионатынан қола жүлдегер атанып келгеннен кейін пәтер беруге уәде берген. Көреміз, уәделерін орындай ма, жоқ па?
– Мақсатың белгілі, Олимпиада алтынын қоржынға салсам дейсің. Ал қандай арманың бар?
– Қазір менің мақсатым мен арманым бір жерде тоғысып тұр. Құдай қаласа, Олимпиадада жеңіске жет-сем деймін. Және қандай нәтижеге жетсем де, онымен тоқтап қала алмаймын. 2012 жылы өтетін Олимпиадада бағымды сынап көремін.
– Оқырман қауымға айтар тілегің бар ма?
– Барлық оқырман қауымға амандық тілеймін. Әйелдер қауымын келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын! Тағы бір айтарым, ата-аналар бала-шағаларын спортқа баулып өсірсе екен. “Боксқа бермеймін, денсаулығына зиян” деп, үркудің қажеті жоқ. Қанша жыл шаршы алаңда тер төккен Ермахан Ибрагимов, Нұржан Сманов сынды саңлақтарымызды көріп жүрсіздер. Он екі мүшесі сау, аман-есен халқына қызмет етіп жүр. Балаларыңызды тек бокс қана емес, кез келген спорт түріне баулуға болады. Ертеңгі күні олар да Қазақстанның абыройын асқақтатса деп тілеймін!
– Рахмет! Өзіңе де сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Тегін қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар http://free.ucoz.kz/